Зейнетақы жүйесіне қатысты соңғы өзгерістері

1. Зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыру.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға берілетін өтініштерді біріктіріп,  «бір терезе» қағидатына сай   қабылдау  үшін композиттік қызмет енгізу мақсатында 2018 жылдың 2 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға Мемлекеттік корпорация мен БЖЗҚ арасында зейнетақы төлемдерінің есебін жүргізу, аудару, қайтару мәселелері бойынша ықпалдастықты реттейтін баптарға бірқатар толықтырулар енгізілді.

Қазіргі уақытта зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мемлекеттік бюджет есебінен еңбек зейнетақысын (1998 ж. 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі бойынша) және базалық зейнетақыны тағайындау үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша Мемлекеттік корпорация бөлімшесіне (халыққа қызмет көрсету орталықтары), ал міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті өтінішпен және құжаттар топтамасымен жүгінетіндігі белгілі. Енді композиттік қызметтер қолданысқа енгізілген соң, аталған тұлғалар «Бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай өтінішті және құжаттар топтамасын тек бір жерге – Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырады. Бұл ретте бюджет есебінен төленетін зейнетақы төлемдері және Қордан берілетін зейнетақы жинақтары алушының өтінішінде көрсетілген бір банк шотына бір мезгілде аударылып отырады. Аталған өзгерістер зейнетақы төлемдерін алушылардың мүдделері үшін енгізіліп отыр. Бұл ретте БЖЗҚ-ның басқа қызметтері мен міндеттері, оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу, есептен шығару, аудару жұмыстары және стратегиялық міндеттер сол тұрақты күйінде қалады. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында аталған қызметтерді жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ композиттік қызметті енгізуге дайын. Алайда бұл қызмет Қордан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң барып күшіне енеді. Бұл актілерді ҚР Үкіметі бекітеді. Нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін мемлекеттік бюджеттен және зейнетақы Қорынан зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштер ұсыну тәртібі өзгеріссіз күйінде қалады.

2. Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын азаматтар зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы негізінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, оның ішінде 25-бабына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес енді азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті. Бұл жарналардың мөлшері алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем емес және ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi.

Айта кетелік, бұл тәртіп адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар үшін күні бүгінге дейін міндетті негізде қолданылып келеді. Ал азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын азаматтар бұған дейін тек міндетті зейнетақы жарналарын төлеу құқығына ие болатын. Енді жоғарыда атап көрсетілген түзетулер күшіне енген соң, міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі. Бұл ретте олар бұл жарналарды Қорға өз бетінше аударулары тиіс.

Аударымдарды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген, жарналарды аудару Қағидаларыменреттеледі. Осы Қағидалардың қолданыстағы редакциясына сәйкес жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар міндетті зейнетақы жарналарын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына табыстар алынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей төлеуге міндетті. Қазіргі уақытта бұл Қағидалар жоғарыда енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес нақтыланып жатыр. Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда шоттары жоқ жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін оларды екінші деңгейдегі банктің мына деректемелеріне қолма-қол ақшамен енгізеді:

Бенефициар банкі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Бенефициар БСК GCVPKZ2A
Бенефициар ЖСК KZ12009NPS0413609816
Бенефициар БСН 160440007161
ТМК «Төлем мақсатының коды» 010

Қандай да бір кезеңде табыс болмаған жағдайда бұл тұлғалар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жоқ болған жағдайда, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішке қол қою арқылы міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қажет. БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген өтініш үлгілері БЖЗҚ ресми сайтында орналастырылған. Жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішті жеке басты куәландыратын құжатпен БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен enpf.kz сайты арқылы беруге болады. Аталмыш түзетулер міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен азаматтардың зейнетақы жинақтарын арттыру мақсатында енгізіліп отыр.

Бүгінде Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Ол мемлекетті, жұмыс берушілерді және барлық жұмыс істеуші азаматтарды, олардың ішінде жалданып жұмыс істемейтін азаматтарды да қамтиды. Уақыт өте келе зейнетақы жүйесінің жинақтаушы бөлігі басымдыққа ие болады. Сондықтан жұмыспен қамтылған тұрғындарды зейнетақы жүйесімен барынша қамту қажет. Сәйкесінше міндетті зейнетақы жарналарын Қорға уақытылы және тұрақты негізде  аударып отыру – азаматтардың барлық санаты, оның ішінде азаматтық-құқықтық шарттар аясында жұмыс істейтін азаматтар үшін өте маңызды. Бұл зейнетақы жинақтарының сомасын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар базалық зейнетақының мөлшерін арттыруға да мүмкіндік береді. Өйткені 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу барысында 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.

3. «БЖЗҚ» АҚ Whatsapp қызметінің – тұтынушылармен, оның ішінде шетелде жүргендермен 8-777-000-1418 нөмірі бойынша қашықтықтан өзара әрекеттесудің жаңа арнасын енгізгендігін хабарлайды.