«Архив ісі мемлекеттік тілде» семинары

«Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру мақсатында, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тамыз айының 8-10 аралығында ведомстволық архивтерде мемлекеттік тілді енгізу бойынша кеңес-әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын жүргізді.

Қаламыздың 6 мемлекеттік мекемелерінде, дәлірек айтқанда аудандық әкімдіктердің («Алматы», «Сарыарқа», «Есіл», «Байқоңыр»), Астана қаласының Қазынашылық департаменті, Астана қаласының Статистика департаменті орналасқан мекемелеріне барып, мемлекеттік тілде ведомстволық архивтің ережесін даярлау, мемлекеттік тілдегі құжаттарға сараптама жүргізу, мемлекеттік тілде архивтік анықтама беру, жеке құрам бойынша құжаттарды мемлекеттік тілде рәсімдеу туралы семинарлар жүргізілді. Бұл жұмыстарға Астана қаласының білікті архивистері, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері, сонымен қатар ведомостволық архивтердің жауапты қызметкерлері және құжаттаманы қамтамасыз ету қызметінің қызметкерлері тартылды.

Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері шешім қабылдап, бұл жұмыс жалғасын табуы керек екендігін айтты, өйткені мемлекеттік тілде қалыптасқан архив құжаттарымен жұмыс істей отыра, Астана қаласының  архив саласын дамытуда мемлекеттік тілдің өзектілігін және мемлекеттік тілдің күрделі мәселесін көруге болады.

Бұдан әрі қарай Астана қаласының тек ведомостволық архивтерінде ғана емес, сонымен қатар жеке архивтерде де осындай жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.