«Неміс халқын Қазақстанға депортациялау» атты дөңгелек үстел

2018 жылдың 28 тамызында Астана қаласының Мемлекеттік архивінде қазақ жеріне күштеп қоныстандырылған неміс халқының тарихына 77 жыл толуына орай, «Неміс халқын Қазақстанға депортациялау» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Астана қаласындағы «Возрождение» немістер қоғамы, «Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы», С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессорлары, оқытушылары мен магистранттары, Астана қаласының «№ 46 балабақша мектеп-гимназиясы» ММ неміс тілі пәнінің мұғалімі, сонымен қатар Астана қаласының Мемлекеттік архив қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында неміс халқының тарихы мен тағдыры, Қазақстанның неміс халқын қолдауда қосқан орасан зор үлесі, екі ел арасындағы қарым-қатынас және алдағы уақыттағы әріптестік мәселелері талқыланды.

Астана қаласындағы «Возрождение» немістер қоғамы» ҚБ мүшелері дөңгелек үстел қатысушыларына Астана қаласы неміс диаспорасының тағдыры туралы өте сирек кездесетін мәліметтерді ұсынды. Сонымен қатар көрме экспозициясында Астананың 20 жылдық мерейтойына және депортацияланған неміс халқының тарихына қатысты киноқұжаттар көпшіліктің назарына ұсынылды. Астана қаласының Мемлекеттік архивіндегі қордағы материалдардың негізінде университеттердің оқытушылары мен профессорлары тарихи оқиғалар туралы айтып берді.

Дөңгелек үстелдің аяқталу қорытындысы бойынша, Қазақстанға депортацияланған немістердің тарихы туралы архивтік құжаттарды анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыруға, сонымен қатар Қазақстанға басқа да халықтардың көшірілуі бойынша қорларды жаңа көздермен толықтыруға шешім қабылдады.