ЕЛОРДАДА «ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – БАРШАҒА ОРТАҚ ІС» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасының бірлескен меморандумы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ұйымдастырылып отырған «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы елорданың төрт ауданында белсенді түрде жүріп жатыр.

Аталған акция аясында кәсіпкерлерге «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабында жазылған талаптар түсіндіріліп, заңнама талаптарын сақтауға қатысты жұмыстар жүргізілуде.

Елорданың келбеті мен сыртқы жарнаманың сауаттылығын қала әкімдігі басты назарда ұстайды. Қате жарнамалар мен маңдайшалардағы жазбаларға қатысты күнделікті 109 Ikomek желісі арқылы қала тұрғындары да белсенді ат салысуда. Бұл ретте, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін де тіл тазалығына айрықша ден қойып, акцияға белсене қатысуға шақырамыз.

Акция барысында рұқсатсыз орналастырылған жарнамалар сол мезетте алынып тасталуда. Нұр-Сұлтан қаласы қатесіз жарнамалармен көрікті.

Акцияға сала мамандары жұмылдырылды, атап айтқанда аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан арнайы жасақталған сарапшылар тобы, жергілікті учаскелік инспекторлар және т.б.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелер және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің сауатты қолданылуына қол жеткізе аламыз.