Латын әліпбиі – ұлттық жаңғыруға бастар жол

«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Қазақ тілі тарихында қолданыста болған латын әліпбиі бүгінгі күні жаңарып, қайта түлеп, ана тіліміздің тамырына қан жүгіртіп, бабалардың аманат еткен тілін ұрпақтан-ұрпаққа саф таза қалпында жеткізуге бастайтын ұлы бастама болып отыр. Елбасымыз «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»,- деп атап айтқан болатын. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір.

Әліпбиді оқыту тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, ол жазу саласына реформа жүргізіп, қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу дегенді білдіреді. Орфография арқылы қалыптасатын жазу жүйесі міндетті түрде тілдердің рухани және материалдық мәдениетінің өркендеуіне ықпал етеді. Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің «…Латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды  – деген пікіріне мән берсек, әліпбимен қоса жаңа емле ережесіндегі өзгерістерді мектеп жасындағы оқушыларға үйрету маңызды мәселе деп санаймын.

Білім және ғылым саласы, соның ішінде мектеп мұғалімдері мен оқушылары да жаңа әліпбиіміздің қолданысқа енуіне өз үлестерін қосуда. 2018-2019, 2019-2020  оқу жылдарында «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласының Ә.Бөкейхан атындағы № 76 мектеп-лицейінде «Латын әліпбиі» қалалық кіші олимпиадасы дәстүрлі түрде өткізілуде. Мектептер тарапынан латын әліпбиіне факультатив сағаттары бөлініп, соның нәтижесінде түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Қалалық әкімдіктің нұсқауымен мұғалімдер мен оқушылар арасында  жалпыхалықтық диктант жазу жұмыстары, түрлі сауалнамалар,  оқушылар арасында диктант байқауы, эссе байқаулары алынуда. Практикадағы осындай іс-шаралардың нәтижесі оқушылардың  әліпбиді меңгерудегі қызығушылығы мен қабылдауы жоғары екендігін көрсетеді. Тілші-ғалымдардың пікірінше, ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазу танылады екен. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңба­лар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылатыны белгілі. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген А.Байтұрсыновтың сөзіне сүйенсек,  Латын әліпбиін оқушыларға оқыту тіл тазалығын, тіл сауаттылығын сақтайды.  Латын әліпбиі түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады.

Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Садуакасова Гүлжазира Резедденқызы