Елордада оқу курстары онлайн арқылы жүзеге асырылуда

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» КММ-сі елдегі төтенше жағдайға байланысты 16 наурыздан бастап мемлекеттік қызметшілерге, түрлі сала мамандарына және ересек тұрғындарға тіл оқу курстарын қашықтықтан оқыту платформалары арқылы жүзеге асыруда.

Қазір Whatsapp, ZOOM және т.б. бағдарламалар арқылы 1326 тыңдаушыға қазақ тілінен онлайн оқыту курсы жүргізілуде. Сонымен қатар, 110 мемлекеттік қызметкерлерге де ағылшын тілінен онлайн курстары өтіп жатыр.

Қаламыздың ересек тұрғындарына тәжірибелі әдістемелері қалыптасқан білікті оқытушылар сабақ береді.

«Онлайн оқыту кезінде тіл үйренуші өзіне қолайлы уақытта, өзіне ыңғайлы орында, яғни, жұмыс кабинетінен, үйден, сабақтан да қол үзбей, тиімді қарқында тіл үйрене алады. Топта оқу мен сабақ кестесі өзіне тиімсіз деп санайтын ересектер үшін онлайн оқытудың пайдасы орасан зор. Онлайн оқу үшін тіл үйренушілерден интернетке қосылған дербес компьютер, тегін жүктелетін скайп бағдарламасы және ең бастысы, «қазақ тілін үйренемін» деген ниеті, мақсаты болуы қажет. Тыңдаушыларымыздың қалауы бойынша WһatsApp, Zoom, Tелеграмм жүйесіндегі бағдарламаларды интернет желісінде қолданып, чат тобын құрып, сабақ жүйелі түрде өткізіледі.

Оқыту үдерісінде тіл үйренушілердің деңгейлері әртүрлі болуына байланысты, тіл үйренушілердің талабына, сұранысына бағытталған әдіс-тәсілдер қолданылады.

Онлайн сабақтар барысында тіл үйретуші мен үйренуші арасындағы қарым-қатынас үзілмейді. Керісінше, тыңдаушы өз бойына терең жауапкершілікті алып, тапсырмаларды тыңғылықты орындауға тырысады. Онлайн сабақтың қиыншылығы WһatsApp, Zoom арқылы конференция сабақтар жүргізгенде интернет желісінің дұрыс ұстамауы, тыңдаушылардың қайта-қайта желіден үзіліп кетуі кедергі келтіреді. Дегенмен соған қарамастан, сабақ беруде заманауи технологиялар мүмкіндігінің арқасында тіл үйрету дағдыларының барлығы қамтылуда» – дейді қазақ тілінің оқытушылары.

Тіл үйренуге деген ынталары арқасында елорданың № 8,10 емхана қызметкерлері де жұмыстан бос уақыт кезінде онлайн оқу курсына қатысып жатқандығы туралы дәрігерлерге қазақ тілін оқытып жүрген Валентина Умарканова айтуда.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарына «Қолжетімді орта құру» мақсатында қала әкімінің жобасы аясында ұйымдастырылған оқу курсын ағылшын тілі оқытушылары Гаухар Ағзамова мен Жәнібек Байханов онлайн жүйесінде жүргізуде. Тыңдаушылар ағылшын тілі оқу курсы кезінде шеттілді азаматтарды «бір терезеден қабылдау» мақсатында қажетті ауыз екі диалогты сөздіктер құрастыруда.