«Бәйтерек» холдингі мен Астана әкімдігі ынтымақтастықты кеңейте түседі

Астана инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамыту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастырады.

Бүгін Астана әкімі Әсет Исекешев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев осындай уағдаластыққа қол жеткізді. Тараптар шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламаларын, инвестициялар тарту, тұрғын үй құрылысы мәселелерін және бірлескен жұмыстың басқа да бағыттарын сөз етті.

Айта кетейік, Астанада индустриаландыру бағдарламасы белсенді іске асырылып келеді. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында ҮИИДМБ 2010-2014 жж. арналған бірінші бес жылдығы аясында 12 жоба тапсырылды.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынғалы жалпы құны 94,2 млрд. теңгені құрайтын 531 жоба мақұлданды, 8000 астам жұмыс орны сақталып, 4300 жұмыс орны жаңадан ашылды.

Әкімдік пен Холдингтің арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті қолдау. ЖӨӨ-дегі ШОБ-тың үлесі бойынша Астана Қазақстан бойынша бірінші орында. «Бәйтерек» ҰБХ осы бағытта ынтымақтастық орнатуға болатын екі бастама көтерді.

Холдинг пен әкімдік мемлекеттік жеке меншік әріптестік саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісті. Атап айтқанда, МЖӘ механизмін балабақшалар, ауруханалар және басқа да нысандар құрылысы барысында қолдану мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар, қолжетімді тұрғын үй салу бойынша жұмыстар да қолға алынбақ. 2015 жылы «Арендалық тұрғын үй» бағыты бойынша «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ (ҚИК) жалпы ауданы 56,7 мың шаршы метрді құрайтын 10,8 млрд. теңгенің 853 пәтерін салу/сатып алу бойынша келісімге қол қойылды, құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау мерзімі – 2016 жылғы желтоқсан.

Сондай-ақ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ (113 млрд. теңге) желісі бойынша арендалық және несиеге тұрғын үй салуды қаржыландыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

«Жергілікті атқарушы органдар арқылы несиелік тұрғын үй» бағыты бойынша әкімдік арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру айналым мерзімі 2 жылға дейінгі облигациялар шығару арқылы жүзеге асырылады. 2016 жылғы 30 маусымда «Бәйтерек девелопмент» АҚ 1,7 млрд. теңгенің алғашқы облигацияларды сатып алды.

«Әкімдіктің экономика басқармасының жұмысының үйлесімділігін ерекше атап өтпекпін, ол «Қазақстан қор биржасы» АҚ алаңында алғашқы болып облигацияларды шығарып, қаражат алды», – деді Ерболат Досаев.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Астана қаласының әкімдігі арасында «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» желісі бойынша 3328 пәтерлік 14 үйді салу мен өткізу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бүгінде 2321 пәтерлік 10 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тапсырылған пәтерлерге 29 639 өтініш қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыра бастағалы тапсырылған 2 321 пәтер үшін Астана қаласының әкімдігіне 15 594 млн. теңге қаржы аударылды.

Астанада тұрғын үйге деген сұраныс халық тарапынан жоғары екендігін, сондай-ақ, елордалық филиалда салымдар портфелінің тез ұлғаятынын ескере келе, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру құралдарын кеңейту мүмкіндігін қарау ұсынылды.

«Мемлекет басшысы айтқандай, Астана шағын және орта бизнесі дамыған «ақылды қалаға» айналуы тиіс. Сондықтан инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша біз «Бәйтерек» холдингімен іс-әрекеттер жоспарын, қандай бағдарламалар бойынша бірге жұмыс істейтінімізді талқыладық. Бұл ретте жеке инвестициялар мен МЖӘ тетіктерін барынша пайдаланатын боламыз» – деді қала басшысы Әсет Исекешев.

 

Кеңес қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингі мен Астана әкімдігі қыркүйек айына қарай егжей-тегжейлі іс- әрекеттер жоспарын әзірлеу туралы келісті.