«Аялаған Астана» жеңімпазы «Балалар Жаңа толқыны-2016» байқауына қатысады

«Аялаған Астана – 2016» конкурсының жеңімпазы Жанель Сәдуақас жас орындаушылардың «Балалар Жаңа толқыны» халықаралық байқауына Қазақстанның атынан қатысады.

Байқау тамыздың 11-і мен 13-і аралығында «Артек» балалар лагерінде өтеді, әлемдік музыка сайысында 11 мемлекеттен 8-ден-12 жасқа дейінгі балалар шеберлік байқасады.

Жанель Сәдуақас «Айгөлек», «Жұлдызды жол», «Лина Арифулинаның балалар караокесі» және «Аялаған Астана – 2016» сынды көптеген музыкалық байқауларда топ жарған. Жас әнші оқудан бос уақытында ән айтып, фортепианода ойнайды, кітап оқиды, би билейді, ат спортымен, семсерлесумен, сурет салумен айналысады, кесте тігіп, дәмді тағамдар әзірлейді.

– Достарым менің барлық шығармашылық тәжірибелерімді толық қолдайды, оларға өте ризамын. «Балалар Жаңа толқынын» ылғи бірге көреміз. Әсіресе, Данэлия Төлешова мен Мұхаммедәлі Жүгінісовты ұнады. Бұл екеуі де Қазақстанның атынан қатысқан күшті орындаушылар. 2016 жылғы финалға қатысушыларға халықаралық байқауда лайықты өнер көрсетулеріне тілектеспін. Бәріміз де достасып кетеміз, жаңа кездесулер маған шабыт беріп, «Жаңа толқында» әндерді жаңаша орындауға көмектеседі деп ойлаймын», – дейді Жанель.

 

Еске салайық, өткен жылдары «Аялаған Астана» байқауында көкшетаулық Болат Батырбаев, астаналық Мұхаммедәлі Жүгінісов пен алматылық Данэлия Төлешова жеңімпаз атанған болатын. 2013 жылы Болат Батыржанов «Балалар Жаңа толқыны» байқауының сәнді қатысушысы деп танылса, 2014 жылы Мұхаммедәлі Жүгінісов лауреат атанды. Ол байқауда 3-орын алды. Ал Данэлия Төлешова көрермендер көзайымы сыйлығына ие болды.