Жастар театрында «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мейрамына арналған «Наурыз мейрамы – 2017» атты қалалық байқаудың марапаттау салтанаты өтті.

Қалалық байқау 21-23 наурыз күндері елорданың 11 алаңында киіз үй тігіп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырған Астана қаласындағы 40-тан астам мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ұйымдар, компаниялар және басқа да мекемелер арасында өткізілді.

Белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен қаламгерлерден құралған қазылар алқасы аталған күндері қаланың барлық алаң, саябақ, тұрғын алаптарында орналасқан киіз үйлердің ұлттық нақышта безендірілуін, Наурыз мейрамын қарсы алу рәсімдері мен ұлттық дәстүрлерді көрсетуін, ұлттық тағамдарды ұсынуын, іс-шараның мазмұндылығын, киімдердің ұлттық нақыштағы деңгейін бағалады.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Жастар саясаты мәселелері басқармасы, І орынды Дін істері басқармасы, ІІ орынды «ВІ груп» компаниясы мен Астана халықаралық әуежайы өзара бөліссе, ІІІ орынды Өзбек этно-мәдени орталығы, Жолаушылар көлігі басқармасы және Көлік және коммуникациялар колледжі иеленді. Сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайы мен Астаналық цирк алғысхатпен марапатталды.

 Аталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері,белгілі ғалымдар мен қаламгерлер, қала басшылығы, мемлекеттік мекеме жетекшілері, үкіметтік емес ұйым және жастар қозғалыстары, оқу орындарының өкілдері, студенттер, елорда тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері және т.б. шақырылды.