Cыртқы жарнаманың мониторингі

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) қызметі Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңы және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының 21-бабы талаптарының қатаң сақталуын жүзеге асыруға бағытталған.

Астана қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 36-1034қ қаулысына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық және жарнамалық безендірудің нобайлық жобаларын келісу бойынша қызмет көрсетіледі. Ақпараттық және жарнамалық безендірудің нобайлық жобаларын келісу заңсыз жасалған жарнамалар санын азайтуға Тіл туралы Заң нормаларына сәйкес мәтіндердің мемлекеттік, орыс және басқа тілдерде сауатты жазылуына ықпал етеді. 

2016 жылғы қаңтар айынан бастап  сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат бойынша 518 эскиз сараптамадан өтіп, жарнама мәтіндерінің 174 қателері түзетілді. Қазіргі уақытта Басқарма 50 жарнама агенттігімен тікелей жұмыс жүргізеді. Жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2016 жылғы 18 наурызда жарнамашылар мен аудармашылардың біліктілігін арттыру курсы өткізілді.

Басқарма жыл басынан бері Тіл туралы Заңның 21-бабының талаптарын халыққа түсіндіру, насихаттау, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды бірізділендіру және оларды заң талабына сәйкестендіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Сыртқы жарнамалар, көрнекі ақпараттардағы қате жазылған мәтіндерді анықтау және сараптама жұмыстарын жүргізу мақсатында қала бойынша ай сайын рейд жұмыстары ұйымдастырылды.  Қаңтар-ақпан айларында Сарыарқа ауданы бойынша 10 көшеде орналасқан 150 нысанға, Алматы ауданы бойынша 15 көшеде орналасқан 170 нысанға, Есіл ауданы бойынша 8 көшеде орналасқан 40 нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қаладағы кейбір нысандардың маңдайшалары мемлекеттік және орыс тілінде ресімделіп, алайда көрнекі ақпараттары тек орыс тілінде безендірілетіні анықталды. Сондай-ақ көптеген қоғамдық орындардың, сауда орындарының, компаниялардың атаулары өзге тілдерде жазылып, шетелдік ұйымның атауы «транслитерация» ережесіне сай берілмегені анықталды.

Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының тапсырмасына сәйкес Астана қаласында орналасқан 40 авиаагенттіктер, авиатурагенттіктеріне рейдтер жүргізіліп, әуе билеттерін ресімдеу кезінде жіберілген заң нормаларына қайшы келетін кемшіліктер анықталып, түзетілді.

2016 жылғы ақпан айында Басқарманың жанынан жарнама мәтіндерінің мемлекеттік, орыс және басқа да тілдерде ресімделуінің сапасын жақсарту, талдау және мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына филология ғылымдарының докторлары, мемлекеттік мекемелердің, прокуратура мен жарнама агенттіктерінің өкілдері, тіл жанашырлары енгізілді.